
Ресейдің Мәскеу қаласында академиялық ескек есуден дәстүрлі «65-ші Үлкен Мәскеу регатасы» халықаралық турнирі жалғасуда. Байрақты бәсекеде қазақстандық спортшылар жүлделі орындардан көрініп жатыр.
19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы жарыста Семён Первушкин мен Дмитрий Ануприев жұбы жоғары нәтиже көрсетті. Олар 2000 метр қашықтықтағы JM2 санатында 6 минут 50,25 секунд нәтижемен мәреге бірінші болып жетіп, алтын медаль иеленді.
Аталған бағдарламада күміс және қола жүлделер Ресей спортшыларына бұйырды.
Бұған дейін Қазақстан құрамасы ересектер арасындағы сайыста да жүлдеге қол жеткізген болатын. Бауыржан Сұлтанов пен Александр Афанасьев жеңіл салмақтағы 2000 метрлік қашықтықта күміс медаль жеңіп алды.
Айта кетейік, «Үлкен Мәскеу регатасына» алты мемлекеттен 447 спортшы қатысып жатыр. Турнир академиялық ескек есудегі маусымның маңызды халықаралық жарыстарының бірі саналады.



