FIFA сарапшысы Дариуш Пасиека ҚФФ академиясының жұмысымен танысты

FIFA-ның техникалық сарапшысы Дариуш Пасиека Қазақстан футбол федерациясы академиясына арнайы жұмыс сапарымен келді.
Сапардың басты мақсаты — FIFA Talent Development Scheme бағдарламасы аясында таланттарды дамыту бойынша жұмыс істейтін жаттықтырушы Виталий Астафьевтің күнделікті оқу-жаттығу процесін бақылау және кәсіби қолдау көрсету.
Сапар барысында маман ҚФФ академиясының 2011 жылы туған футболшыларының жаттығуын тамашалап, олардың техникалық дайындығына оң бағасын берді.
Дариуш Пасиека сондай-ақ QJ League VI туры аясындағы ҚФФ Академиясы U-16 – «Шахтер» U-17 матчын бақылап, қазақстандық жас ойыншылардың техникалық деңгейі жоғары екенін атап өтті.
– Екі команда арасында физикалық айырмашылық байқалды. Алайда техника жағынан үлкен айырмашылық көрген жоқпын. Керісінше, біздің команда техникалық тұрғыдан жақсы әсер қалдырды. Ойыншылардың доппен жұмыс істеуі мен комбинациялық ойыны ұнады. Қазір нәтиже басты мәселе емес. Ең маңыздысы – ойыншыларды дамыту, – деді Пасиека.
FIFA сарапшысы қазіргі футболда тек физикалық тұрғыдан мықты ойыншыларды таңдауға болмайтынын айтып, әлемдік футболдағы мысалдарды келтірді.
– Лука Модрич жас кезінде бойы аласа болғандықтан жасөспірімдер құрамасына шақырылмаған. Бірақ қазір ол әлемдегі ең үздік футболшылардың бірі. Сондықтан бойы ұзын болмаса да, техникасы жоғары әрі футболға деген құштарлығы бар ойыншыларға мүмкіндік беру қажет, – деді ол.
ҚФФ мәліметінше, FIFA Talent Development Scheme бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық Қазақстандағы жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі саналады.
Федерация академияда заманауи оқыту әдістемелерін енгізуге, техникалық дамуға және ұлттық құрамаларға ойыншы дайындауға басымдық беріп отырғанын атап өтті.



