ФУТБОЛ

«Қазақстан Әуесқой лигасының» ойындары өңірлерде жалғасып жатыр

Еліміздің бірнеше өңірінде «Қазақстан Әуесқой лигасының» матчтары қарқын ала түсті. Қазіргі таңда турнир Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жетісу және Жамбыл облыстарында ұйымдастырылып жатыр.

Қазақстан Әуесқой лигасы — бұқаралық футболды дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Турнир аймақтық командаларға тұрақты түрде ойын тәжірибесін жинауға мүмкіндік беріп, өңірлердегі футболға деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жарыс талантты ойыншылардың көзге түсуіне жол ашады.

Қарағанды облысында биылғы маусым өңірдің 90 жылдығына орай өткізіліп жатыр. Турнирге 11 команда қатысуда. Матчтар әр аптаның сенбі және жексенбі күндері ұйымдастырылады.

Солтүстік Қазақстан облысында 20 команда бақ сынауда. Қатысушылар Бірінші және Екінші лигаға бөлінген. Әр дивизионда 10 командадан өнер көрсетіп жатыр.

Батыс Қазақстан облысында сегіз команда екі айналым жүйесі бойынша ойнауда. Матчтар Петр Атоян атындағы стадионда өтеді. Барлық кездесулер тікелей эфирде көрсетіліп жатыр.

Жетісу облысында турнирге 14 команда қатысуда. Мұндағы ойындар да жанкүйерлер үшін тікелей эфирде ұйымдастырылған.

Ал Жамбыл облысында биылғы додаға 20 команда тіркелген. Командалар Жоғары және Бірінші лигаға бөлініп, әр топта 10 ұжымнан екі айналым жүйесі бойынша сынға түсіп жатыр.

Айта кетейік, «Қазақстан Әуесқой лигасының» матчтары алдағы уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де кезең-кезеңімен жалғасады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button