Balgyn League: қыздар арасындағы алғашқы тур ойындары аяқталды

Қазақстанның бірнеше қаласында 2012–2013 жылы туған қыздар арасында ұйымдастырылған Balgyn League турнирінің алғашқы туры мәресіне жетті.
Бірінші тур аясында еліміздің әр өңірінде ондаған матч өтіп, жас футболшылар жарқын ойын өрнегін көрсетті. Кей кездесулер ірі есеппен аяқталса, кейбір матчтарда тартыс соңғы минуттарға дейін жалғасты.
Астана қаласында өткен матчта «Астана» командасы «Жеңісті» 6:0 есебімен жеңді. Махаббат Нұрмахан дубль авторы атанды.
Тараздағы кездесулерде ең ірі есептер тіркелді. «Тараз» футбол орталығы «Ұлытау» ФО командасын 25:0 есебімен ойсыратса, кейін «Шахтер» ФО «Ұлытауды» 35:0 есебімен жеңді. Ал «Шахтер» кейін «Таразды» да 9:1 есебімен тізе бүктірді.
Қостанайдағы турда «Тобыл» екі матчта да ірі жеңіске жетті. Алдымен «Qyzyljar» командасын 10:0 есебімен ұтса, кейін «Оқжетпесті» 10:1 есебімен жеңді.
Ақтауда «Каспий» мен «Атырау» арасындағы матч ең тартысты ойындардың біріне айналды. Кездесу 4:3 есебімен ақтаулық клубтың пайдасына аяқталды. Полина Кичаева дубль авторы атанды.
Алматыдағы ойындарда «Қайрат» сенімді өнер көрсетті. Алматылық команда «Жетісуды» 5:1, ал «SD Family»-ді 10:0 есебімен жеңді.
Қызылордада «Ақтөбе» алғашқы екі матчында қарсыластарына 19 гол соқты. Ал «Қайсар» турдың соңғы ойынында «Тұранды» 2:0 есебімен жеңді.
Шымкентте өткен кездесуде «Ордабасы» «БИІК – БЖСМ №17» командасын 2:1 есебімен ұтты.
Өскемендегі матчтарда «Ертіс» қатарынан екі жеңіске жетіп, «Алтай» мен «Елімайды» бірдей 2:0 есебімен жеңді. Ал соңғы турда «Елімай» «Алтайды» 6:2 есебімен ұтты.
Balgyn League турнирі жас футболшылардың тәжірибе жинауына және қыздар футболын дамытуға бағытталған республикалық жоба ретінде жалғасады.



