
Қазақстан ерлер құрамасы Ұлыбританияның Лондон қаласында өтіп жатқан үстел теннисінен командалық әлем чемпионатының ширек финалына шыға алмады.
1/8 финалда қазақстандық спортшылар Жапония құрамасымен кездесті.
Алғашқы матчта Кирилл Герасименко жапониялық Сора Мацусиманы 3:1 есебімен жеңіп, Қазақстан құрамасын алға шығарды.
Алайда кейін Томоказу Харимото Алан Құрманғалиевті 3:0 есебімен ұтып, таразы басын теңестірді. Одан кейін Айдос Кенжіғұлов Сюнсүке Тогамимен кездесіп, жапониялық теннисші 3:0 есебімен басым түсті.
Төртінші ойында Кирилл Герасименко Томоказу Харимотоға қарсы матчта 0:3 есебімен жеңіліп қалды.
Осылайша, Жапония құрамасы жалпы есепте 3:1 нәтижесімен жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алды.
Қазақстан құрамасы жарысты 1/8 финал кезеңінде аяқтады. Бұл нәтиже — ұлттық құраманың командалық әлем чемпионаттарындағы ең жоғары жетістігі болып саналады.



