
Қазақстан ерлер құрамасы Ұлыбританияның Лондон қаласында өтіп жатқан үстел теннисінен командалық әлем чемпионатында тарихи жетістікке қол жеткізді.
1/16 финалда ұлттық құрама Испаниямен кездесіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Алғашқы ойында Алан Құрманғалиев Альваро Роблесті 3:1 есебімен ұтты. Одан кейін Кирилл Герасименко Хуан Пересті дәл осындай есеппен жеңіп, есеп айырмасын ұлғайтты.
Үшінші кездесуде испаниялық Даниэль Берзоса Айдос Кенжіғұловтан 3:1 есебімен басым түсіп, есепті қысқартты. Алайда соңғы матчта Кирилл Герасименко Альваро Роблесті 3:0 есебімен жеңіп, кездесудің нүктесін қойды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы 1/8 финалға жолдама алып, енді Жапония мен Бельгия арасындағы жұптың жеңімпазымен ойнайды. Бұл – Қазақстан ерлер құрамасының әлем чемпионаты тарихындағы ең үздік нәтижесі.
Айта кетейік, әйелдер құрамасы жарысты 1/16 финал кезеңінде аяқтады. Қазақстандық спортшылар Швеция құрамасына 1:3 есебімен есе жіберді.



