Алматыдағы №31 мектеп «Былғары доп» ұлттық мектеп лигасының чемпионы атанды

Астанада 9–11 сынып оқушылары арасында өткен «Былғары доп» ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңі өз мәресіне жетті.
Финалдық кездесуде Алматы қаласының №31 мектебі мен Жамбыл облысы Шу қаласындағы №40 мектеп-лицей командалары жолықты. Шешуші матчта алматылықтар 3:0 есебімен сенімді жеңіске жетіп, турнир чемпионы атанды.
Екінші орын Жамбыл облысының командасына бұйырса, үшінші орынды Астана қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицей иеленді.
Турнир қорытындысы бойынша үздік ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталды:
- Үздік бапкер – Сәкен Әбдігүл (Жамбыл облысы)
- Үздік қақпашы – Денис Багаутдинов (Ұлытау облысы)
- Үздік қорғаушы – Диас Әбілхамит (Жамбыл облысы)
- Үздік жартылай қорғаушы – Мадияр Нышынбай (Астана)
- Үздік сұрмерген – Бекжан Жалдыбай (Ақтөбе облысы) – 13 гол
- Үздік ойыншы – Қайсар Малаев (Алматы)
Алматы командасының бас бапкері Данияр Велахунов финалдан кейін өз пікірін білдірді:
— Жамбыл облысының командасына қарсы ойын оңай болған жоқ. Барлық мүмкіндіктерімізді пайдалана алмасақ та, 3:0 есебімен жеңіске жеттік. Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оқушыларымыздың алдағы уақытта да биік жетістіктерге жететініне сенемін.
Команда ойыншысы Тамерлан Кадиров та әсерімен бөлісті:
— Турнир өте тартысты өтті. Бұл жеңіс – бүкіл команданың еңбегі. Финал басында қиын болды, бірақ кейін ойынымыз жүрді. Өз мектебіміздің намысын қорғау біз үшін ерекше маңызды болды.



