
Қытайдың Санья қаласында VI жағажайдағы Азия ойындарының жабылу салтанаты өтті. Ауқымды кешенді дода он жыл үзілістен кейін қайта ұйымдастырылды.
Жабылу рәсімі Tianya Haijiao көркем аймағындағы Ring Theatre сахнасында өтті. Салтанат дәстүрлі форматтан өзгеше стильде ұйымдастырылып, әуезді музыка, жарық инсталляциялары және әсерлі сахналық қойылымдар арқылы көрерменге ерекше атмосфера сыйлады.
Кештің басты тұжырымдамасы «Tianya Symphony» идеясына негізделді. Бағдарламада Хайнань аралының мәдениеті мен жағажай тақырыбы үйлесім тауып, заманауи технологиялар кеңінен қолданылды. Сонымен қатар Азия елдерінің бірлігі мен ынтымақтастығы негізгі идеялардың бірі ретінде көрініс тапты.
Салтанаттың ерекше символдарының бірі – басын артына бұрған бұғы бейнесі болды. Бұл образ жергілікті аңыздарға сүйеніп, өткен мен бүгіннің байланысын, сондай-ақ жүріп өткен жолдың аяқталуын білдіреді.
Рәсім барысында Азия Олимпиадалық кеңесінің туы түсіріліп, келесі ойындарды қабылдайтын елге эстафета табысталды. 2028 жылғы жағажайдағы Азия ойындары Филиппиннің Себу қаласында өтеді. Бұл ел тарихында алғаш рет аталған жарысты қабылдайды. Таныстырылым барысында филиппиндік тарап Синулог фестивалінің стиліндегі би қойылымын ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Еске салайық, VI жағажайдағы Азия ойындары 22–30 сәуір аралығында өтіп, шамамен 1800 спортшыны біріктірді. Қазақстан құрамасы жарысты сегіз медальмен қорытындылады: бір алтын, бір күміс және алты қола жүлде.



