ФУТБОЛ

Скотт Манн Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы болып тағайындалды

2026 жылғы 27 сәуірде Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитеті Скотт Энтони Маннды Бас хатшы қызметіне тағайындауды бекітті. Оның өкілеттік мерзімі 2030 жылдың 12 шілдесіне дейін жалғасады, ал жаңа қызметіне 2026 жылдың 13 шілдесінде кіріседі.

Бұл шешім отандық футбол тарихындағы маңызды қадамдардың бірі саналады. Федерация басшылығына Англия Премьер-лигасында жұмыс тәжірибесі бар, Еуропаның беделді клубтық турнирлерінде жетістікке жеткен маман алғаш рет тағайындалып отыр.

Скотт Манн федерациядағы реформаларды жалғастырып, бірқатар стратегиялық бағыттарға жауап береді. Атап айтқанда, төрешілік жүйесін жетілдіру, футбол академиялары мен инфрақұрылымды дамыту, клубтарды басқару және лицензиялау стандарттарын күшейту, коммерциялық және медиа бағыттарды жүйелеу, сондай-ақ УЕФА мен ФИФА ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайту оның негізгі міндеттерінің қатарында.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров бұл тағайындауға қатысты пікір білдірді:
— Федерация қазір шешуші кезеңде тұр. Біз қазақстандық футболдың болашағына негіз болатын жүйені қалыптастырып жатырмыз. Мұндай уақытта тәжірибелі әрі тәртіпті мамандар қажет. Скотт Манн – өз білімін ел футболының дамуына бағыттай алатын кәсіби маман. Оның кандидатурасы бұл қызметтің барлық талабына толық сай келеді деп сенеміз.

Өз кезегінде Скотт Манн жаңа қызметіне байланысты ойын жеткізді:
— Қазақстан футбол федерациясының құрамына дәл осындай маңызды кезеңде қосылғаныма қуаныштымын. Президент Марат Омаров айқындаған даму бағыты мен атқарылып жатқан жұмыстар маған үлкен әсер қалдырды. Алдағы уақытта клубтармен және халықаралық серіктестермен тығыз байланыс орнатып, елдегі футболды дамытуға өз үлесімді қосуға дайынмын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button