
Қытайдың Хэфэй қаласында байдарка мен каноэде ескек есуден Лос-Анджелес Олимпиадасына рейтингтік Азия чемпионаты өтіп жатыр. Бұл додада Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бес медальмен толықты.
Байдаркамен 200 метр қашықтықта Ольга Шмелёва топ жарып, алтын медаль иеленді. Кейін ол Татьяна Токарницкаямен бірге 500 метр қашықтықта күміс жүлдеге қол жеткізді.
Жарыстан кейін Ольга Шмелёва өткен жылғы нәтижесін жақсартқанын атап өтті. Оның айтуынша, бір жыл бұрын дәл осы қашықтықта үшінші орын алған, ал биыл басты қарсыласын басып озып, чемпион атанған.
Айта кетейік, Шмелёва Хэфэйдегі чемпионатта үш жүлде еншілеп үлгерді (1 алтын, 2 күміс).
Сондай-ақ каноэде 200 метр қашықтықта әлем чемпионатының қола жүлдегері Виктор Степанов үздік үштікке енді.
500 метр қашықтықтағы екі бағдарламада да Қазақстан құрамасы қола медаль жеңіп алды. Каноэде Сергей Емельянов пен Әлішер Хаётов, ал байдаркада Бекарыс Раматулла мен Дмитрий Холмогоров жүлдегер атанды.
Екі жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде 2 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль бар. Чемпионаттың соңғы күнінде тағы жүлделер сарапқа салынады. Қазіргі таңда жалпы есепте Қытай құрамасы көш бастап тұр.



