
Қазақстан құрамасы 2026 жылы Сенегалдың Дакар қаласында өтетін жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына 18 лицензия иеленді.
Қазіргі таңда қазақстандық спортшылар спорттың 11 түрі бойынша қатысу мүмкіндігіне ие. Олардың қатарында таеквондо, жағажай волейболы, велоспорт, триатлон, семсерлесу, брейкинг, бокс, дзюдо, жүзу, спорттық гимнастика және жеңіл атлетика бар.
Айта кетейік, берілген жолдамалар нақты спортшылардың атына бекітілмеген. Қазіргі уақытта ұлттық федерациялар тарапынан қатысушыларды анықтау және ресми растау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Лицензияларды бөлу процесі Халықаралық Олимпиадалық комитет пен халықаралық федерациялар арқылы жүзеге асырылады. Бұл кезең 23 мамырға дейін жалғасып, содан кейін толық құрам белгілі болады.
Дакардағы дода 31 қазан мен 13 қараша аралығында өтеді. Бұл – жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының тарихындағы төртінші жарыс және алғаш рет Африка құрлығында ұйымдастырылмақ.



