
Астанада өткен семсерлесуден Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан құрамасы бір ғана медальмен шектелді.
Турнирдің соңғы күнінде ерлер арасындағы командалық сайыс өтті. Қазақстан сапындағы Эльмир Әлімжанов, Никита Жулинский, Вадим Шарлаимов және Александр Федотов қола медаль үшін Жапония құрамасымен кездесті.
Тартысты өткен матчта қарсыластар 44:42 есебімен басым түсіп, қазақстандықтар төртінші орынға тұрақтады.
Осылайша, ел құрамасы турнирді бір жүлдемен аяқтады. Бұған дейін Руслан Курбанов жекелей сында күміс медаль жеңіп алған болатын.



