Алматы қаласында өтіп жатқан үстел теннисінен Қазақстан чемпионаты аясында командалық жарыстар өз мәресіне жетті.
Ерлер арасында Алматы қаласының командасы чемпион атанды. Құрама сапында Дастан және Айдос Кенжіғұловтар, Санжар Жұбанов, Абдулла Мамай, Нұрдәулет Нұғай өнер көрсетті.
Қарағанды облысының командасы күміс жүлдеге ие болды. Олардың қатарында Алан Құрманғалиев, Владислав Захаров, Әмір Торғайбеков, Зиётжон Нурматов және Асылхан Мағзұмбеков бар.
Үшінші орынға Шымкент қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының командалары тұрақтады.
Әйелдер арасында Қарағанды облысының құрамасы жеңіске жетті. Алтын медальді Зәуреш Ақашева, Жанерке Көшкімбаева, Альбина Жақсылықова, Дарья Фу және Мария Лукьянова жеңіп алды.
Екінші орынды Алматы қаласының командасы иеленді. Құрамында Сарвиноз Миркадирова, Әнел Бақыт, Гүзел Торшаева, Екатерина Пюрко және Айназ Әділгерей бар.
Үшінші орын Түркістан облысы мен Шығыс Қазақстан облысының командаларына бұйырды.



