
Түркияның Анталья қаласында спорттық гимнастикадан Әлем кубогының кезекті кезеңі мәресіне жетті, деп хабарлайды SportM.kz.
Халықаралық турнирде Қазақстан құрамасының сапында Нариман Курбанов, Зейнолла Ыдырысов, Роман Маменов, Нұртан Ыдырысов, Амели Мукушева және Амина Халимарден өнер көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша финалға қазақстандық екі гимнаст жолдама алды. Зейнолла Ыдырысов ат снарядындағы жаттығуда сәтті өнер көрсетіп, күміс медаль жеңіп алды.
Ал Роман Маменов қол тіреп секіру жаттығуында финалға шыққанымен, шешуші кезеңде жетінші орынға тұрақтады.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Антальяда өткен Әлем кубогы кезеңін бір күміс медальмен аяқтады.



