ҚФФ Техникалық даму комитетінің кезекті отырысы өтті

28 ақпанда Астана қаласында Қазақстан футбол федерациясы Техникалық даму комитетінің кезекті жиыны ұйымдастырылды.
Отырыста техникалық дамуға қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Ұлттық құрамалардың дайындық деңгейі, алға қойылған міндеттер мен мақсаттар талқыланып, нәтижені арттыру үшін KPI жүйесін енгізу ұсынысы көтерілді.
Комитет мүшелері ҚФФ Жарыстар департаментінің 2005 және 2006 жылы туған футболшыларды Екінші лига клубтарының өтініміне енгізу жөніндегі бастамасымен танысты. Бұл шешім жас ойыншыларға көбірек ойын тәжірибесін беріп, кәсіби тұрғыда қалыптасуына мүмкіндік жасауға бағытталған.
Жиында ұлттық құрамалардағы тәлімгерлік жүйе де сөз болды. Менторлық тәсіл тәжірибені жүйелі түрде жеткізіп, дайындық барысында ортақ бағыт ұстануға және әр жас деңгейі арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етпек.
Сондай-ақ Павел Черепанов аналитикалық платформаны таныстырды. Презентация барысында «Болашақ чемпиондар» жобасы, ҚФФ академиясының философиясы, Техникалық орталықтың жұмыс жоспары және талантты бапкерлерді қолдау бағдарламасы ұсынылды. Бұл бастамалардың барлығы мамандар мен ойыншыларды жүйелі түрде дамытуға бағытталған.
ҚФФ Техникалық даму комитетінің мүшесі, ардагер футболшы әрі бапкер Асқар Қожабергенов жиын қорытындысын шығарып, комитеттің құрылуы маңызды қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, бірінші және екінші лигалардағы лимит мәселесі талқыланып, жас футболшыларға тұрақты тәжірибе беру жолдары қарастырылған. 2006–2008 жылы туған ойыншылардың ойын практикасын қамтамасыз ету үшін лимитті сақтау қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар федерацияның жалпы даму философиясы қаралып, Ұлттық құрамалар департаментінің басшысы Руслан Балтиев бапкерлер штабын таныстырып, алдағы жоспарларды баяндады. Оқу-жаттығу жиындары мен УЕФА турнирлеріне дайындық мәселелері де көтерілді.
Жиынға қатысушылар мұндай шешімдерді енді ашық талқылау арқылы қабылдау отандық футболдың дамуына оң әсер етеді деген пікір білдірді.



