
Қазақстан футбол федерациясы жастар және жасөспірімдер ұлттық құрамаларының бапкерлік штабында өзгерістер болғанын хабарлады.
Қабылданған шешімге сәйкес:
- Қазақстан жастар құрамасының (U-21) аға жаттықтырушысы қызметіне Владимир Чебурин тағайындалды;
- Қазақстан жасөспірімдер құрамасын (U-19) Сергей Лабодовский жаттықтырады;
- Қазақстан қыздар жасөспірімдер құрамасының (WU-19) аға жаттықтырушысы болып Ксения Постовая бекітілді.
Мамандардың кандидатуралары ҚФФ Техникалық дамыту комитетінде қаралып, белгіленген тәртіппен бекітілген.
Биыл U-21 құрамасы Владимир Чебуриннің жетекшілігімен 2027 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатына іріктеу ойындарын жалғастырады. Команда өз алаңында Словакия мен Ирландияны қабылдап, сырт алаңда Англия, Ирландия және Молдова құрамаларымен кездеседі.
U-19 жасөспірімдер құрамасы Сергей Лабодовскийдің басшылығымен наурыз айында 2026 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеудің элиталық раундына қатысады. Қарсыластары — Румыния, Украина және Солтүстік Ирландия.
Ал Қазақстан қыздар жасөспірімдер құрамасы сәуір айында Ксения Постовая жетекшілігімен WU-19 Еуропа чемпионатына іріктеудің «В» лигасында өнер көрсетеді. Олардың қарсыластары — Мальта, Болгария және Израиль құрамалары.
Қазақстан футбол федерациясы тағайындалған мамандарға алдағы халықаралық жарыстарда сәттілік тіледі.



