
Футболдан Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы Беларусь астанасы Минск қаласында өтіп жатқан Даму кубогындағы алғашқы ойынында жеңіске жетті.
Алғашқы кездесуде қазақстандық футболшылар Минск құрамасын 3:1 есебімен ұтты. Біздің құрамадан Дигдар Омаров 18 және 51-минуттарда дубль жасаса, Ислам Рақым 49-минутта мергендігімен көзге түсті.
Енді отандастарымыз 20 ақпанда Беларусь U-17 құрамасымен кездеседі. Ойын Қазақстан уақытымен 20:00-де басталады. Одан кейін Қазақстан жасөспірімдері Тәжікстан U-17 құрамасына қарсы алаңға шығады.
Жарысқа барлығы 8 команда қатысуда: Қазақстан, Беларусь, Тәжікстан, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан және Минск құрамалары. Командалар екі топқа бөлінген. Қазақстан А тобында Беларусь, Тәжікстан және Минск құрамаларымен бақ сынайды.
Аға бапкер Бауыржан Сағындық оқу-жаттығу жиынына шақырылған ойыншылар тізімін жариялады. Құрама сапында «Қайрат», «Шахтер», «Ақтөбе», «Атырау», «Каспий», «Жас Қыран» клубтарының футболшылары және ҚФФ академиясының тәрбиеленушілері бар.
Халықаралық турнир 23 ақпанда аяқталады.



