
Семсерлесуден Қазақстан құрамасының өкілі Руслан Курбанов Германияның Хайденхайм қаласында өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанды.
Қазақстандық спортшы жарысты 1/32 финалдан бастап, командаласы Эльмир Әлімжановты 15:14 есебімен жеңді. Одан кейін венгриялық Давид Нагиді (15:13) және Жапония өкілі Акира Коматаны (15:11) жарыс жолынан шығарды.
Ширек финалда Курбанов тағы бір қазақстандық семсерлесуші Никита Жулинскийді 12:11 есебімен ұтты. Ал жартылай финалда нидерландтық Тристан Тюленді сенімді түрде жеңіп, кездесуді 15:9 есебімен аяқтады.
Финалдық белдесуде Руслан Курбанов италиялық Давиде Ди Веролиден 15:14 есебімен басым түсіп, турнирдің алтын медалін иеленді.
Айта кетейік, Әлем кубогының бұл кезеңінде қола жүлделер Тристан Тюлен (Нидерланд) мен Мохамед Эльсайедке (Мысыр) бұйырды.



