БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Биыл Қазақстанда 20-дан астам ірі халықаралық спорт жарысы өтеді

Биыл Қазақстан аумағында әлемдік және құрлықтық деңгейдегі 20-дан астам ірі халықаралық спорт жарысын өткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі хабарлады.

Еске сала кетейік, өткен жылы елімізде шамамен 30 халықаралық турнир ұйымдастырылып, көптеген спорт түрлері бойынша халықаралық федерациялар өкілдері Қазақстанның спорттық инфрақұрылымымен және әлеуетімен танысқан болатын.

Жаңа маусымда жарыстар Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан, Талғар және Ақтау қалаларында өтеді. Байрақты бәсекелер қысқы және жазғы, олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлерін қамтиды.

Қысқы Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін Алматыда бірқатар ірі жарыстар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, фристайл-могулдан әлем кубогының кезеңі, FIP GOLD ALMATY халықаралық падел турнирі, WKF каратэден KazOpen халықаралық турнирі, сондай-ақ WKF каратэден Азия чемпионаты өтеді. Сонымен қатар барлық жас санаттары бойынша джиу-джитсудан Азия чемпионаты жоспарланған. Дәстүрлі түрде өтетін «XXXIV Мемориал – Ғ.Қосанов» халықаралық жеңіл атлетика жарысы мен Denis Ten Memorial Challenge Series мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнирі де Алматыда ұйымдастырылады.

Астана да бірнеше маңызды халықаралық бәсекені қабылдайды. Атап айтқанда, 2025/2026 маусымындағы UEFA футзалдан Чемпиондар лигасының финалы мен дзюдодан Grand Slam турнирі төртінші рет өтпек. Бұған қоса, ерлер мен әйелдер арасындағы Silk Way Series Kazakhstan-1,2, жүзу мен боччадан әлем кубогы кезеңдері, голболдан жастар арасындағы әлем чемпионаты және Astana Open Series Kazakhstan-1,2 жарыстары ұйымдастырылады. Сондай-ақ елордада фиджитал спорттан «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорттық турнирі өтеді.

Өзге өңірлерде де бірқатар ірі жарыстар жоспарланған. Талғарда көпкүндік веложарыстан Азия кубогы, Шымкентте ISSF стенд атудан әлем кубогы мен маунтинбайктан (MTB) Азия кубогы, ал Түркістанда пара каноэден Азия чемпионаты өтеді.

Бұл жарыстар Қазақстанның ірі халықаралық спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде қабылдай алатын, әлемдік спорт қауымдастығындағы сенімді әріптес ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындай түседі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button