ТАЕКВОНДО

Қазақстан ҰОК World Taekwondo және Waychamp өкілдерімен кездесу өткізді

Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Әлімжан Ақаев пен таеквондодан (WT) Қазақстан федерациясының вице-президенті Айзат Қарашашев World Taekwondo ұйымының Техникалық комиссия төрағасы Филипп Буэдо және Waychamp компаниясының өкілі Диана Динмен кездесті.

Кездесу барысында таеквондоны халықаралық деңгейде дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, Waychamp компаниясының жекпе-жек спорт түрлеріне арналған цифрлық шешімдерді әзірлеудегі тәжірибесі мен халықаралық федерациялармен әріптестігіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ спортшылардың деректер базасын орталықтандырылған түрде басқару және төрешілік жүйенің ашықтығын арттыруда заманауи технологияларды қолдану мүмкіндіктері қарастырылды.

Бұдан бөлек, World Taekwondo аясында төрешілерге, бапкерлерге және клуб өкілдеріне арналған халықаралық оқыту іс-шараларын ұйымдастыру мәселесі сөз болды. Тараптар спортшыларды даярлау жүйесін жетілдіру және білім беру бағдарламаларын тұрақты негізде іске асыру бағыттарын жан-жақты талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға, тәжірибе алмасуға және таеквондоны дамытуға, сондай-ақ халықаралық спорттық бастамаларды қолдауға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін растады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button