
«Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин командасының Лондонда «Арсеналға» қарсы өткен матчынан (2:3) кейін пікір білдірді.
Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында алматылық клубтың бас бапкері Чемпиондар лигасындағы жолдың маңызын атап өтіп, бұл кезеңнің команда үшін үлкен тәжірибе болғанын айтты.
— Біздің футбол ертегіміз аяқталды. Бірақ жинаған тәжірибе баға жетпес. Біз Еуропаның үздік командаларымен ойнадық, топ-клубтарды Қазақстанға әкелдік, — деді Рафаэль Уразбахтин.
Оның айтуынша, «Қайраттың» Чемпиондар лигасына қатысуы жанкүйерлердің футболға деген қызығушылығын арттырып, қазақстандық футболдың дамуына серпін берген.
Бас бапкер «Арсеналға» қарсы кездесуде қарсыластың деңгейі мен ойыншылардың сапасын ерекше атап өтті.
— Біз өте мықты командамен кездестік. Алғашқы минуттарда сәл абдырадық, толқу болды. Қарсыластың орталықтағы ойынын шектеуге тырыстық, бірақ үшінші минутта жіберген қателік голға алып келді, — деді ол.
Уразбахтин пенальтиден соғылған голдың команданың ойынға қайта қосылуына үлкен әсер еткенін айтып, бұл сәттің психологиялық тұрғыдан маңызды болғанын жеткізді.
Сонымен қатар ол жанкүйерлерге алғысын білдіріп, 60 мың адам сыйымдылығы бар «Эмирэйтс» стадионында да «Қайрат» жанкүйерлерінің қолдауы анық естілгенін атап өтті.
— Біз үшін бұл матч — үлкен сынақ болды. Жігіттер алаңда барын салды. Осы тұрғыдан алғанда, біз бұл кездесуді абыроймен өткіздік деп ойлаймын, — деп түйіндеді «Қайрат» клубының бас бапкері.



