
Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағы (УЕФА) офсайд ережесіне өзгеріс енгізу туралы ұсынысты қолдамады, деп хабарлайды Report.
Бұған дейін испандық AS басылымы Халықаралық футбол қауымдастығы кеңесі (IFAB) 20 қаңтарда офсайд ережесіне қатысты реформа мүмкіндігін талқылайтынын жазған болатын.
Қолданыстағы ережеге сәйкес, шабуылдаушы ойыншының гол соға алатын дене бөлігі қарсылас команда қорғаушысынан (оның ішінде қақпашыдан) қақпаға жақын орналасса, офсайд тіркеледі.
Бұған балама ретінде бұрын «Арсенал» клубының бас бапкері болған және кейін FIFA-да футболды дамыту бағытында қызмет атқарған Арсен Венгер жаңа тәсілді ұсынған еді. Оның ұсынысы бойынша, ойыншының гол соға алатын денесінің кез келген бөлігі соңғы қорғаушымен бір сызықта немесе артында болса, офсайд саналмайды.
УЕФА бұл бастаманы қолдамайтынын мәлімдеді.



