ТРЕНДТЕФУТБОЛ

Қазақстандық футболшы Шотландия чемпионатының көшбасшысымен келісімшартқа қол қойды

26 жастағы қазақстандық футболшы Ислам Чесноков мансабын Шотландияның Хартс клубында жалғастырады. Тараптар 2028 жылдың жазына дейін жарамды келісімшартқа қол қойды.

Эдинбургтік клубқа Чесноков қостанайлық Тобыл сапынан еркін агент ретінде ауысты. Осылайша, ол «Хартс» тарихындағы алғашқы қазақстандық ойыншы атанып қана қоймай, Шотландия чемпионатында өнер көрсететін тұңғыш қазақстандық футболшы болды.

Айта кетейік, «Хартс» — Шотландияның төрт дүркін чемпионы және ел Кубогының сегіз дүркін иегері. Ағымдағы маусымдағы 20 турдан кейін команда 44 ұпай жинап, турнир кестесінің көшін бастап тұр. Жаңа клубында Ислам Чесноков 99-нөмірмен ойнайды.

Ислам Чесноков — өскемендік Алтай клубының түлегі. Ол 2018 жылы жастар командасында өнер көрсете бастады. Ал негізгі құрамдағы дебютін 2020 жылдың 15 қыркүйегінде Тұран клубына қарсы матчта өткізді.

2021 жылдың сәуір айында футболшы Беларусьтің Белшина командасына ауысты. Беларусь жоғары лигасындағы алғашқы ойынын 2022 жылдың 20 наурызында Днепр Могилев клубына қарсы өткізсе, алғашқы голын 2022 жылдың 21 мамырында Ислочь қақпасына соқты. Беларусь клубы сапында ол 59 матч өткізіп, 11 гол мен 11 нәтижелі пас авторы атанды.

2023 маусымында Ислам Чесноков «Тобыл» сапына қосылды. Қостанайлық клуб құрамында 92 ойынға қатысып, 29 гол соғып, 15 нәтижелі пас берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button