ТРЕНДТЕФУТБОЛ

ФИФА футбол ережелеріне ең ірі өзгерістердің бірін енгізуі мүмкін

Футболда соңғы жылдардағы ең елеулі ереже өзгерістерінің бірі болуы ықтимал.

ФИФА президенті Джанни Инфантино Дубайда өткен Дүниежүзілік спорт саммитінде офсайд ережесін қайта қарау мәселесі шындап талқыланып жатқанын мәлімдеді. Футбол қауымдастығы ұзаққа созылатын видеоқайталаулардан, миллиметрлеп өлшеуден және жанкүйерлер мен ойыншылардың тұрақты наразылығынан бас тартуды көздейді.

Әңгіме 2020 жылы бұрынғы бапкер Арсен Венгер ұсынған идея жайында болып отыр. Бұл тәсілге сәйкес, егер гол соғуға болатын дене мүшесінің кемінде бір бөлігі соңғы қорғаушымен бір сызықта тұрса, ойыншы офсайдта деп есептелмейді. Офсайд тек шабуылшы қорғаушыдан толықтай алда тұрған жағдайда ғана тіркеледі.

Инфантиноның айтуынша, қолданыстағы ереже уақыт өте өзгеріп, қазір шабуылшы соңғы қорғаушыдан артта немесе бір сызықта тұруы керек деген талап қояды. Ал болашақта офсайд деп тану үшін ойыншының қорғаушыдан толықтай алда болуы міндеттелуі мүмкін.

Бұрынғы төреші Мануэль Грэфе бұл реформаның жүзеге асу ықтималдығын жоғары бағалап отыр. Ол X әлеуметтік желісінде офсайд ережесіне қатысты «революция» жақындап келе жатқанын, жаңа қағиданың негізі қаланғанын және ФИФА оны наурыз айында келесі маусым ережелерімен бірге бекітуі мүмкін екенін жазды.

Сонымен қатар Грэфе жаңа ереже енгізілсе, көмекші төрешілердің жұмысы одан әрі күрделене түсетінін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button