БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

ҚР Ұлттық Олимпиадалық Комитеті 2025 жылдың спорттық қорытындысын жариялады

2025 жыл Қазақстан спорты үшін халықаралық аренадағы ірі жетістіктермен есте қалды. Жыл бойы отандық спортшылар әлем чемпионаттары, Азия біріншіліктері мен кешенді жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстанды бірқатар спорт түрінен әлемдік көшбасшы елдер қатарына қосты. ҚР Ұлттық Олимпиадалық Комитеті жыл қорытындысын жасап, негізгі жетістіктерді саралады.

Бокс: әлем чемпионатындағы айқын басымдық

2025 жылғы басты спорттық оқиғалардың бірі – Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен бокстан әлем чемпионаты болды. Бұл турнир алғаш рет World Boxing халықаралық федерациясының ұйымдастыруымен өтті.

Қазақстан құрамасы аталған жарыста аса жоғары нәтиже көрсетіп, 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Осы көрсеткіштің арқасында ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.

Екінші орын Өзбекстан құрамасына бұйырды (6 алтын, 2 күміс, 3 қола), ал Үндістан командасы (2 алтын, 1 күміс, 1 қола) үздік үштікті түйіндеді.

Ливерпульде әлем чемпионы атанған қазақстандық боксшылар:

  • Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін),
  • Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін),
  • Махмұд Сабырхан (55 келіге дейін),
  • Аида Әбікеева (65 келіге дейін),
  • Наталья Богданова (70 келіге дейін),
  • Төрехан Сабырхан (70 келіге дейін),
  • Айбек Оралбай (90 келіден жоғары).

Назым Қызайбай (48 келіге дейін) күміс медаль еншілесе, Виктория Графеева (60 келіге дейін) мен Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) қола жүлдеге ие болды.

Айта кетейік, Махмұд Сабырхан мен Наталья Богданова жыл қорытындысы бойынша «Жылдың үздік боксшысы» атағына үміткер атанды. Сонымен қатар Қазақстан құрамасының жеті боксшысы World Boxing әлемдік рейтингінде көш бастады.

Таеквондо: әлем чемпионатындағы тарихи медальдар

2025 жыл таеквондо үшін де табысты кезең болды. Қытайдың Уси қаласында өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында Нодира Ахмедова мен Айдана Құмартаева қола жүлдеге ие болды. Бұл – қазақстандық әйелдер таеквондосы үшін тарихи жетістік. Себебі еліміз бұл спорт түрінен әлем чемпионатында соңғы рет 2007 жылы медаль алған.

Жастар құрамасы да жоғары нәтижелер көрсетті. Кенияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Бейбарыс Қаблан (87 келіден жоғары) мен Батырхан Төлеуғали (87 келіге дейін) алтын медаль жеңіп алды. Ал Тамерлан Тілеулес (63 келіге дейін) қола жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар Есбол Сұлтанов шәкірттері Гран-при форматындағы халықаралық турнирлерде де үздік атанды.

Мәнерлеп сырғанау: Михаил Шайдоровтың серпінді маусымы

2025 жылы қазақстандық мәнерлеп сырғанау жаңа деңгейге көтерілді. Михаил Шайдоров маусым бойы тұрақты түрде жүлде алып, ірі турнирлерде өзін дәлелдеді.

Ол Харбинде өткен Азия ойындарында қола медаль жеңіп алып, Оңтүстік Кореяда ұйымдастырылған Төрт құрлық чемпионатында жеңіске жетті. Ал АҚШ-тың Бостон қаласында өткен әлем чемпионатында күміс жүлде иеленіп, 2026 жылғы Олимпиада ойындарының лицензиясын жеңіп алды.

Сондай-ақ бұл әлем чемпионатында Софья Самоделкина да Олимпиада жолдамасын иеленді.

Дзюдо: тарихи финал

2025 жылғы дзюдодан басты жарыс – Венгрияның Будапешт қаласында өткен әлем чемпионаты болды. Бұл додада Әбиба Әбужақынова (48 келіге дейін) Қазақстан құрамасына жалғыз медаль әкелді.

Ол әлем чемпионатының финалына шыққан алғашқы қазақ қызы атанып, жарысты күміс жүлдемен аяқтады. Сонымен қатар Перуде өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Дана Әбдірова да күміс медаль жеңіп алды.

Конькимен жүгіру: Кошкиннің жылдамдығы

Конькимен жүгіруде де айтарлықтай серпіліс байқалды. Евгений Кошкин 500 метр қашықтықта Әлем кубогы кезеңдерінде екі алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алып, әлемдегі ең жылдам спринтерлердің қатарына қосылды. Ол сондай-ақ әлем рекордына бір табан жақындады.

Ал Надежда Морозова Норвегияның Хамар қаласында өткен Әлем кубогы кезеңінде 1500 метр қашықтықта күміс жүлдегер атанды.

Фристайл-акробатика: Азия ойындарындағы алтын

Фристайл-акробатикадан Қазақстан құрамасы Азия ойындарында тарихи жетістікке жетті. Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов синхронды секіруде Қытайдың көшбасшы спортшыларын артта қалдырып, алтын медаль жеңіп алды. Бұл – Қазақстан үшін Азия ойындарындағы алғашқы жеңіс.

Шорт-трек: тарихи алтын және әлемдік жүлде

Харбинде өткен Азия ойындарында Қазақстан шорт-трекшілері тарихта алғаш рет алтын медаль иеленді. Ерлер эстафетасында Денис Никиша, Абзал Әжғалиев, Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Мерсаид Жақсыбаев және Айбек Насен чемпион атанды.

Кейін Бейжіңде өткен әлем чемпионатында Денис Никиша 500 метр қашықтықта күміс жүлдеге ие болды. Ол ересектер арасындағы әлем чемпионатының тұғырына көтерілген алғашқы қазақстандық шорт-трекші ретінде тарихқа енді.

Сонымен қатар 1000 метрде Әділ Ғалиахметов және әйелдер құрамасы эстафетада финалға шықты. Ал жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Алина Әжғалиева үш медаль жеңіп алып, басты кейіпкер атанды.

Садақ ату: әлемдік тұғырға қайта оралу

Садақ атудан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Виктория Лян, Адель Жексенбинова және Роксана Юнусова блоктық садақ атудан командалық сайыста үздік үштікке енді.

Айта кетейік, Қазақстан бұл спорт түрінен әлем чемпионатында алғаш рет 1993 жылы жүлде алған. Ал 1997 жылы жабық кешендегі әлем чемпионатында әйелдер құрамасы күміс медаль еншілеген болатын.

Күрес: Айдос Сұлтанғалидің тарихи жеңісі

2025 жыл күрес үшін де ерекше болды. Грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали (60 келіге дейін) Хорватияның Загреб қаласында өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Бұл – Қазақстан «классиктері» үшін 1999 жылдан бергі алғашқы әлем чемпиондығы.

Сонымен қатар еркін күрестен әлем чемпионатында Асылжан Есенгелді, Нұрқожа Қайпанов және Ризабек Айтмұхан қола жүлдеге ие болды. Жастар арасында Едіге Қасымбек пен Шұғала Өмірбек әлем чемпионы атанды.

Семсерлесу: тарихи медаль

2025 жыл қазақстандық семсерлесу тарихында жаңа бет ашты. Әлем чемпионатында Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов, Эльмир Әлімжанов және Кирилл Проходов командалық сайыста қола жүлде жеңіп алып, ел тарихындағы алғашқы әлемдік медальды сыйлады.

Теннис: тарихи финал

Қазақстан теннисі де жаңа белесті бағындырды. Елена Рыбакина Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турнирінің финалында әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы жеңіп, турнир чемпионы атанды. Бұл – Қазақстан тарихындағы әйелдер арасындағы алғашқы жеңіс.

Гимнастика: әлемдік рейтингтегі көшбасшылар

Көркем гимнастикадан Ақмарал Ерекешева жастар арасындағы әлем чемпионатында екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алып, тарихта алғашқы қазақстандық әлем чемпионы атанды.

Спорттық гимнастикада Нариман Курбанов ат снарядында әлемдік рейтингте екінші орынға көтерілді, Зейнолла Ыдырысов үшінші орын алды. Ал Милад Карими еркін жаттығулар мен кермеде маусым рейтингінің көшін бастады.

Батуттағы гимнастикада Даниял Мусабаев пен Никита Тумаков Әлем кубогының қорытындысында жеңіске жетті.

Нысана көздеу: әлем чемпионатындағы қос қола

Каирде өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екі қола медаль жеңіп алды. Әйелдер арасында Александра Ле, Арина Малиновская және Елизавета Безрукова, ал ерлер арасында Никита Чирюкин, Кирилл Федькин және Артемий Кабаков командалық сайыста жүлдегер атанды.

Аренадан тыс жетістіктер

2025 жылы даңқты боксшы Геннадий Головкин World Boxing федерациясының президенті болып сайланды. Сонымен қатар ол Халықаралық бокс Даңқ залына енген тұңғыш қазақстандық атанды.

Кешенді жарыстардағы көрсеткіштер

2025 жылы Қазақстан құрамасы үш ірі кешенді жарыста мынадай нәтиже көрсетті:

  • Қысқы Азия ойындары (Харбин) – 20 медаль
  • Жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары (Манама) – 93 медаль
  • Ислам ынтымақтастығы ойындары (Эр-Рияд) – 56 медаль

Осылайша 2025 жыл Қазақстан спорты үшін тарихи жетістіктерге толы, әлемдік деңгейде танылған жыл болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button