БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Рим қаласында 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының алауы жағылды

Римдегі Пьяцца дель Квиринале алаңында Милан–Кортина-2026 қысқы Олимпиада ойындарының алауын жағу рәсімі өтті.

Грекиядан бір күн бұрын жеткізілген Олимпиада алауын Италия президенті Серджо Маттарелла ресми түрде тұтатты. Салтанатты шараға Халықаралық Олимпиадалық комитетінің президенті Кирсти Ковентри, Олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Джованни Малаго, сондай-ақ Италия Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшылары қатысты.

Кирсти Ковентри құттықтау сөзінде Олимпиада алауы ұрпақтар арасындағы сабақтастықты білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, алау олимпиадалық қозғалыстың басты құндылықтарын — шабыттандыруды, біріктіруді және әрбір спортшының кемсітусіз жарысқа қатысу құқығын еске салады. Сонымен қатар ол Италиядағы ойындар өзінің ХОК президенті ретіндегі алғашқы қысқы Олимпиадасы болатынын айтып, бұл дода әлем үшін ерекше оқиғаға айналатынына сенім білдірді.

Ал Серджо Маттарелла Олимпиада алауы бейбітшілік, бірлік және өзара құрметтің символы екенін атап өтті. Оның пікірінше, Олимпиада және Паралимпиада ойындары адамзатпен ортақ, бәріне түсінікті тілде сөйлей алатын ерекше күшке ие. Сонымен бірге ол бұл жарыстар теңдік, құрмет пен алға ұмтылу сияқты құндылықтарды насихаттайтынын жеткізді.

Маттарелла Милан мен Кортина қалаларының ойындарды бірлесе қабылдауы Италияның ашықтығы мен ұлттық бірлігінің көрінісі екенін де айтып өтті.

Рәсім соңында Джованни Малаго Италия президентіне алауды табыстап, Серджо Маттарелла алаңда орнатылған Олимпиадалық шамды жақты. Эстафетаның алғашқы метрлерін Джованни Малаго мен италиялық теннисші Жасмин Паолини жүріп өтті.

Айта кетейік, Италия аумағындағы Олимпиада алауының ресми эстафетасы 6 желтоқсанда басталады. Маршрут елдің тарихи және мәдени маңызы бар өңірлерін, оның ішінде бірқатар ЮНЕСКО нысандарын қамтиды.

Милан–Кортина-2026 қысқы Олимпиада ойындары 6–22 ақпан аралығында өтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button