Жылына 500 допинг-тест: Қазақстан ауыр атлетика федерациясы бақылауды күшейтті

Қазақстан ауыр атлетика федерациясы допингке қарсы бақылауды бұрынғыдан да қатайтып, бұл бағытты жұмыстың негізгі басымдықтарының біріне айналдырды. Бұл туралы федерацияның спорт менеджері Дархан Қосантаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, федерацияға Гаджи Гаджиев басшы болып келгеннен кейін басты назар заң бұзушылықтың алдын алуға, құқықтық талаптарды сақтауға ауысқан.
– Жыл сайын спортшылар мен бапкерлерге арналған 6–7 допингке қарсы семинар өтеді. Біз арнайы жүйе енгіздік: егер семинардан өткенін растайтын сертификат болмаса, жарысқа қатысуға рұқсат жоқ. Бұл талап 12–14 жастағы жасөспірімдерге де бірдей. Сондай-ақ бапкердің сертификаты болмаса, өз аймағының атынан жарыстарға шығара алмайды, – деді Қосантаев.
Тестілеудің ең жоғары көлемі – ауыр атлетикада
Федерация допинг-тестілеуді айтарлықтай кеңейткен.
– Өткен жылы шамамен 500 тест жүргіздік. Бұл – Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіш. Бізден басқа ешбір спорт түрінде мұндай көлемде тексеру жасалмайды, – деді спорт менеджері.
Тестілеу тек жарыстарда ғана емес, өңірлерде де тұрақты жүргізіледі.
– Жарыс кезінде марапаттаудан кейін спортшылар бірден тест тапсырады. Сонымен қатар жоспардан тыс тексерулер де болады. Чемпионатқа өтінім бір ай бұрын беріледі, содан кейін допинг офицерлері аймақтарға барып тест алады, – деп түсіндірді Қосантаев.
Анықталатын бұзушылықтар қандай?
Оның айтуынша, жоспардан тыс тексерулер көбіне чемпионатқа тіркелмеген спортшылар арасында жүргізіледі.
– Оларды көбіне стероидтан емес, түрлі гормондардан «ұстайды», – деді ол.
Жәнібек Әлімханұлының ісіне қатысты пікір
Қосантаев халықаралық деңгейде туындаған жағдайларға тоқталып, әр спортшының жеке жауапкершілігі бар екенін атап өтті.
– Егер спортшы «ештеңе қолданған жоқпын» десе, біз оған сенеміз. Біз өз спортшыларымызды әрқашан қорғаймыз, – деді ол.
Федерацияның жаңа қадамдары ауыр атлетикадағы ашықтықты арттыруға, таза спорт қағидаттарын нығайтуға бағытталған.



