
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинді World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтап, оны І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Мемлекет басшысы бұл шешім әйгілі спортшының әлемдік боксты дамытуға қосқан зор үлесін, кәсібилігі мен абырой-беделін жоғары бағалаудың белгісі екенін атап өтті.
Президент Головкиннің ғаламдық спорттағы рөлін ерекше бағалап, қазақ бокс мектебінің дәстүрін әлемге кеңінен танытқанын айтты. Оның табандылығы мен тәртібі көптеген жастарға үлгі болатыны да атап өтілді.
Мемлекет басшысы Геннадий Головкиннің Ұлттық Олимпиадалық комитет басшысы ретіндегі жұмысына да оң баға берді. Ол қысқа уақыт ішінде ұлттық федерациялармен байланыс орнатып, Халықаралық Олимпиада комитетімен ынтымақтастықты нығайта алғанын атап өтті.
Сондай-ақ Президент Головкиннің World Boxing федерациясының президенті ретінде алда үлкен міндеттер күтетінін жеткізді. Бұл лауазымда ол жаһандық спорт құрылымын басқарып отырған алғашқы қазақстандық екені де айтылды.
Геннадий Головкин өзіне көрсетілген сенім мен марапат үшін мемлекет басшысына алғыс білдіріп, боксты әрі қарай дамытуға дайын екенін жеткізді.



