
«Ақтөбе» футбол клубының ресми иесі анықталды. Команданы «Qazaq Stroy» компаниясының басшысы әрі құрылтайшысы Нұрлан Артықбаев сатып алады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде хабарланды. Бағалау нәтижесі бойынша клубтың баланстық құны 200 млн теңгені құрайды. Құжаттарды толық рәсімдеу жұмыстары алдағы бір-екі айда аяқталмақ.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, клубты жекешелендіру — Мемлекет басшысының тапсырмасы.
— Мемлекет клубтарды бюджет есебінен ұстауды қысқартуды және кәсіби футболды жеке инвестиция есебінен дамытуға көшуді көздейді. «Ақтөбеге» қызығушылық танытып, қолдау көрсетуге дайын кәсіпкер табылды. Ол — ақтөбелік Нұрлан Артықбаев. Жастайынан клубтың жанкүйері болған, ата-анасымен бірге стадионға барып, команданың ойынын көрген. Қазір сол арманына қол жеткізіп, клубты дамытуға үлес қосуға ниетті екенін білдірді, — деді өңір басшысы.
Әкімнің айтуынша, жекешелендіруден кейін де мемлекет инфрақұрылым, әсіресе балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту бағытында қолдауды жалғастырады.
Сонымен қатар Асхат Шахаров 35 мың орындық жаңа стадион құрылысы туралы да ақпарат берді.
— ФИФА талаптарына сай стадион салу — күрделі әрі қомақты қаржыны қажет ететін жоба. Орын санына қатысты шешім сұранысқа байланысты қабылданды. Еурокубок матчтарына шамамен 160 мың, ал ішкі чемпионатқа 50-55 мыңға дейін сұраныс түсетіні анықталды. Сондықтан 35 мың көрерменге арналған стадион салу жөн деп шештік. Құрылысшылар екі жылда аяқтауға болатынын айтып отыр, — деді облыс әкімі.



