
Қазақстанның екі футзал клубы — «Қайрат» пен «Семей» бүгін UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде алғашқы матчтарын өткізеді.
Алматылық «Қайрат» төртінші топта сынға түседі. Қарсыластары — Португалияның «Спортинг» клубы, Косоводан «Приштина» және Хорватияның «Ново Вриеме» командасы. Барлық кездесулер 29 қазан мен 1 қараша аралығында Хорватияның Макарска қаласында өтеді.
«Қайрат» алғашқы ойынын 29 қазанда «Ново Вриеме» командасына қарсы өткізеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 23:50-де «Qazsport» арнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Одан кейін алматылықтар 30 қазанда «Спортингпен», ал соңғы турда «Приштинамен» ойнайды.
Ал «Семей» командасы үшінші топта Испанияның «Пальма», Чехияның «Хрудим» және Францияның «Этуаль» клубтарымен кездеседі. Барлық ойындар Испанияда өтеді. Семейлік команда 29 қазанда «Хрудиммен», 30 қазанда «Этуальмен», ал 1 қарашада «Пальмамен» кездеседі.
Футзалдан UEFA Чемпиондар лигасының финалдық кезеңі 2026 жылдың мамыр айында Италияның Пезаро қаласында өтеді.



