
26 қазан күні Қазақстан Премьер-лигасының соңғы тур ойындары өтеді. Сол кездесулердің бірі — «Қайрат» пен «Астана» арасындағы тартыс, ел чемпионын анықтайтын шешуші матч болмақ.
KFF League редакциясы осы ойын қарсаңында өткен маусымдарға шолу жасап, ел чемпиондары қалай анықталғанын және екі клубтың өзара бәсекелестік тарихын еске түсірді.
Ұлттық біріншілік тарихында ел чемпионы әрдайым екі айналымдық турнир қорытындысы бойынша анықтала бермеген. Үш маусымда қосымша «алтын матч» өткізуге тура келген. Алғаш рет мұндай ойын 1997 жылы өтіп, «Ертіс» «Таразды» жеңген болатын. 2000 жылы «Жеңіс» Петропавлдың «Аксесс-Голден Грейн» командасынан басым түсіп, чемпион атанды. 2008 жылы «Ақтөбе» Қостанайдың «Тобылын» ұтқан еді.
Бір рет шешуші кездесу чемпионат аясында өткен. 1993 жылғы маусымда Павлодардың «Аңсаты» соңғы турда «Екібастұздан» екі ұпайға алда тұрды. Сол ойында 2:1 есебімен жеңіске жеткен «Аңсат» қосымша ойынсыз-ақ чемпион атанған.
Биылғы жағдай да сол маусымды еске салады. Бұл жолы қосымша ойын болмайды: «Қайрат» тең түскен жағдайда да чемпиондық атағын сақтап қалады, ал «Астана» жеңіске жетсе ғана алтын медальға ие болады.
Айта кетерлігі, осыдан тура он жыл бұрын, 2015 жылғы маусымда дәл осы екі команда бейресми «алтын матч» өткізген. Ол кезде Премьер-лигада 16 клуб ойнады. «Астана» турнир кестесінде «Қайраттан» бір ұпай артта келе жатқан. 30-турдағы сырт алаңдағы матчта елордалықтар 1:0 есебімен жеңіске жетіп, қарсыласынан алға шыққан. Қалған турларда екі команда да ұпай жоғалтпай, нәтижесінде «Астана» чемпион атанды.
Қос клубтың трофейлік тарихы да тең түскен. Қазір екі командада да 17 жүлдеден бар. «Астана» жеті рет ел чемпионы атанып, үш рет Кубок, алты рет Суперкубок және бір рет Лига кубогын жеңіп алған. «Қайраттың» қоржынында төрт чемпиондық, 10 Кубок және үш Суперкубок бар. Осылайша, 26 қазанда Премьер-лига жеңімпазы ғана емес, трофей саны бойынша жеке көшбасшы да анықталады.
«Қайрат» пен «Астана» бұған дейін 52 ресми матч өткізген. Соның 21-інде «Астана», 19-ында «Қайрат» жеңіске жеткен, ал 12 ойын тең аяқталған. Соңғы жылдары өз алаңында айқын басымдық байқалмайды: «Қайрат» үйдегі соңғы 10 матчтың бесеуінде ғана жеңіске жетсе, «Астана» өз алаңында үш рет қана үстем болды.
2025 жылғы маусымдағы алғашқы кездесу де тең аяқталған. 2 наурызда «Астана Аренада» өткен матчта есеп 1:1 болған еді. Мұндай нәтиже биыл «Қайратты» толық қанағаттандырады.
Айта кетсек, соңғы болып чемпиондық атағын сәтті қорғаған команда — 2019 жылғы «Астана». Ал «Қайрат» өз тарихында әлі екі маусым қатарынан чемпион атанып көрмеген.
Қалай болғанда да, 2025 жылғы маусымның жеңімпазы Қазақстан футболының ең мықты клубы атанбақ.



