ДЗЮДОТРЕНДТЕ

Ибрагим Нұрмаханұлы Азия Пара ойындарында Қазақстанға үшінші алтынды әкелді

Қазақстандық пара дзюдошы Ибрагим Нұрмаханұлы Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия Пара ойындарының чемпионы атанды.

Отандасымыз J2 санатында 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үздік шықты. Финалдық белдесуде Ибрагим Нұрмаханұлы өзбекстандық Кемран Нуриллаевты жеңіп, алтын медаль иеленді.

Сонымен қатар Қазақстан құрамасының қоржыны пара пауэрлифтингтен тағы екі жүлдемен толықты.

Әйелдер арасындағы 45 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Алина Солодухина 103 келіні көтеріп, күміс медаль жеңіп алды. Ал осы салмақта өнер көрсеткен Айжан Берімқұлова 101 келі нәтижемен үшінші орынға тұрақтады.

Осылайша, Қазақстан құрамасының Азия Пара ойындарындағы алтын медаль саны үшке жетті.

Бұған дейін пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев 54 келіге дейінгі салмақта чемпион атанып, 191 келі нәтижемен Азия Пара ойындарының рекордын жаңартқан еді.

Сондай-ақ пара нысана көздеуден Еркін Ғаббасов 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен ату сайысында (R1) жеңіске жетіп, Қазақстанға жарыстағы алғашқы алтын медальді әкелген болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button