Ауыр атлетикадан әлем чемпионатына Қазақстаннан жеті спортшы қатысады

Қытайдың Нинбо қаласында өтетін ауыр атлетикадан әлем чемпионатына Қазақстан құрамасының алдын ала тізімі жарияланды.
Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) мәліметінше, әлем біріншілігінде Қазақстан намысын жеті спортшы қорғайды. Оның бесеуі ерлер, екеуі әйелдер арасындағы бәсекеге қатысады.
Ерлер құрамасында 75 келіге дейінгі салмақта Петр Хребтов өнер көрсетеді. 85 келіде Алексей Чуркин мен Едіге Емберді сынға түседі. Ал 95 келіде Нұрғиса Әділетұлы, 110 келіде Артем Антропов ел намысын қорғайды.
Әйелдер арасында 77 келіге дейінгі салмақта Аянат Жұмағали, ал 86 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Любовь Ковальчук жарысқа қатысады.
Әлем чемпионаты 27 қазан мен 8 қараша аралығында өтеді. Бұл жарыс 2028 жылы Лос-Анджелесте ұйымдастырылатын жазғы Олимпиада ойындарына іріктеудің алғашқы ресми кезеңі болмақ.
Айта кетейік, IWF жариялаған қатысушылар тізімі алдын ала жасалғандықтан, әлем чемпионаты басталғанға дейін өзгерістер енгізілуі мүмкін.



