БОКСТРЕНДТЕ

Бокстан Қазақстан чемпионаты кейінге шегерілді: бірқатар көшбасшы қатыспайды

Бокстан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының өткізілу мерзімі өзгерді. Бұған дейін 24 қазан мен 1 қараша аралығына жоспарланған ел біріншілігі енді 30 қазан мен 6 қараша күндері өтеді.

Биылғы чемпионатты Тараз қаласы қабылдайды. Жамбыл облысының орталығында бокстан ел біріншілігі соңғы рет 12 жыл бұрын ұйымдастырылған.

Алдағы жарысқа ұлттық құраманың бірқатар жетекші спортшысы қатыспайды. Олардың қатарында Азия ойындарының жүлдегерлері Махмуд Сабырхан, Төрехан Сабырхан және Айбек Оралбай бар. Сондай-ақ Нұрбек Оралбай да жарыстан уақытша үзіліс алуды шешкен.

Әйелдер құрамасынан Алуа Балқыбекова мен Наталья Богданова ел чемпионатына қатыспайды. Қалған боксшылардың жарысқа қатысуы жоспарланып отыр.

Еске салайық, Жапонияда өткен 2026 жылғы Азия ойындарында Қазақстан боксшылары бес медаль жеңіп алды. Төрехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта, ал Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта алтын жүлдегер атанды.

Махмуд Сабырхан (55 келі), Алуа Балқыбекова (51 келі) және Наталья Богданова (75 келі) қола медаль иеленді.

Ал Сабыржан Аққалықов, Оразбек Асылқұлов, Назым Қызайбай және Аида Әбікеева жүлделі орындарға қол жеткізе алмады.

Тараздағы Қазақстан чемпионаты ұлттық құрама сапына үміткер боксшылар үшін маңызды іріктеу жарыстарының бірі болмақ. Спортшылардың ел біріншілігіндегі нәтижелері құрама жасақтау кезінде ескеріледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button