
15-18 қазан аралығында Марокконың Касабланка қаласында семсерлесуден әлем кубогының кезеңі өтеді. Халықаралық жарыста Қазақстан намысын 16 спортшы қорғайды.
Ұлттық құрама өкілдері шпагамен семсерлесуден ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей және командалық бәсекелерге қатысады.
Ерлер арасындағы жекелей сайыста Нұржан Әбжанов, Эльмир Әлімжанов, Александр Федотов, Алексей Касаткин, Аңсар Қасен, Руслан Курбанов, Богдан Лукин, Кирилл Павлов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов және Георгий Тинников өнер көрсетеді.
Әйелдер арасындағы жекелей бәсекеде Владислава Андреева, Ирина Бакалдина, Софья Николайчук және Дарья Самоделкина ел намысын қорғайды.
Командалық жарыста Қазақстанның ерлер құрамасы сапына Руслан Курбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов енді. Ал әйелдер командасында Владислава Андреева, Ирина Бакалдина, Софья Николайчук және Дарья Самоделкина сынға түседі.
Айта кетейік, Қазақстанның ерлер құрамасы үшін 2026 жыл табысты болды. Шпагамен семсерлесушілер Азия чемпионатында, әлем чемпионатында және Жапонияда өткен Азия ойындарында командалық сайыстың алтын медалін жеңіп алды.
Сонымен қатар Азия ойындарында Кирилл Проходов жекелей сында күміс жүлдегер атанды.



