БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Брисбендегі 2032 жылғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының эмблемалары таныстырылды

Аустралияның Брисбен қаласында өтетін 2032 жылғы жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми эмблемалары көпшілік назарына ұсынылды. Жаңа нышандарда елдің табиғаты, мәдениеті мен байырғы халықтарының дәстүрлері көрініс тапқан.

Екі эмблеманың негізгі бейнесі ретінде Аустралияға тән какаду құстары таңдалған. Олимпиада ойындарының эмблемасында қызғылт какаду, ал Паралимпиада ойындарының нышанында сары айдарлы какаду бейнеленген.

Дизайндағы әрбір элементтің өзіндік мағынасы бар. Құстардың айдарлары Квинсленд штатының географиялық сұлбасын еске түсіреді. Олимпиада және Паралимпиада алауы бірлік, үміт пен шабытты білдіреді. Ал қауырсындардың орналасуы Аустралияның жазғы Олимпиада ойындарын үшінші рет қабылдайтынын меңзейді.

Какаду құстары Аустралияның байырғы халықтарының мәдениетінде де маңызды орын алады. Олар табиғатпен, ата-баба мұрасымен және дәстүрлермен байланысты ерекше нышан саналады.

Екі эмблемада да арнайы жасалған қаріппен «Brisbane 2032» деген жазу орналастырылған. Олимпиада нышанында бес сақина, ал Паралимпиада эмблемасында үш агитос белгісі бар.

Жаңа эмблемалар Квинсленд штатының бірнеше аймағында кезең-кезеңімен таныстырылды. Дизайн элементтері Үлкен тосқауыл рифінде, Касл-Хиллде, Рокгемптон жағалауында, Уайлдхорс тауында және Каррамбин жағажайында көрсетілді. Кейін олар біріктіріліп, Брисбеннің Саут-Бэнк ауданында толық нұсқасы ұсынылды.

Эмблемаларды әзірлеуге «Брисбен-2032» ұйымдастыру комитетінің жетекшілігімен жергілікті және халықаралық шығармашылық агенттіктер қатысты. Жаңа нышандар ойындардың ресми безендірілуінде кеңінен пайдаланылады. Ал Олимпиада мен Паралимпиада ойындарының тұмарлары кейінірек таныстырылады.

2032 жылғы жазғы Олимпиада ойындары 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді. Паралимпиада ойындары 24 тамызда басталып, 5 қыркүйекте аяқталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button