Қазақстандық жағажай волейболшылары Азия чемпионатының ширек финалына өте алмады

Қытайдың Шанло қаласында өтіп жатқан жағажай волейболынан Азия чемпионатында Қазақстанның үш жұбы 1/8 финалдағы кездесулерін өткізді.
Ерлер арасында Дмитрий Яковлев пен Абдулмажид Мохаммад Аустралия өкілдері Томас Ходжес пен Бен Худқа қарсы ойнады. Кездесу 0:2 (10:21, 11:21) есебімен қарсылас жұптың пайдасына аяқталды.
Қазақстанның тағы бір жұбы Сергей Богату мен Кирилл Гурин Қатар өкілдері Шериф Юнус пен Ахмед Тиджанға қарсы шықты. Қазақстандықтар 0:2 (12:21, 13:21) есебімен есе жіберді.
Әйелдер арасындағы бәсекеде Лаура Қабылбекова мен Мерей Қожахмет Қытай өкілдері Янь Сюй мен Ся Синьиге қарсы ойнады. Алаң иелері 2:0 (21:13, 21:9) есебімен жеңіске жетті.
Осы нәтижелерден кейін Қазақстанның үш жұбы да Азия чемпионатының ширек финалына жолдама ала алмады.



