Қазақстандық триатлоншылар Азия ойындарында жекелей және эстафеталық сындарға қатысады

Қазақстан құрамасының 2026 жылғы жазғы Азия ойындарындағы триатлон жарыстарына қатысатын спортшылары белгілі болды.
Халықаралық триатлон федерациясы жариялаған тізім бойынша Қазақстан жекелей бәсекелерде төрт спортшысын жарысқа қосады.
Әйелдер арасында Диана Ержанова мен Юлиана Петрова ел намысын қорғайды. Ерлер бәсекесінде Аян Бейсенбаев пен Арлан Жаңабай сынға түседі.
Қазақстан құрамасы аралас эстафетаға да қатысады. Бұл жарыста Егор Крупяков, Арлан Жаңабай, Диана Ержанова және Аида Ким өнер көрсетеді.
Осылайша, триатлоннан Қазақстан атынан Азия ойындарына барлығы алты спортшы қатысады. Арлан Жаңабай мен Диана Ержанова жекелей және эстафеталық жарыстарда бақ сынайды.
ХХ жазғы Азия ойындары Жапонияның Аичи-Нагоя аймағында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.



