Қазақстан әйелдер құрамасы регби-7-ден Азия сериясында бесінші орын алды

Қытайдың Сучжоу қаласында ерлер мен әйелдер командалары арасында регби-7-ден Азия сериясының алғашқы кезеңі аяқталды.
Қазақстан әйелдер құрамасы топтық кезеңде Сингапур мен Өзбекстанды жеңіп, Қытайдан жеңілді. Осы нәтижелерден кейін ширек финалға жолдама алды.
Жартылай финалға шығу үшін өткен кездесуде Қазақстан Таиландтан 0:43 есебімен жеңіліп қалды. Кейін бесінші орын үшін күрескен команда Өзбекстанды 29:7, ал шешуші матчта Үндістанды 17:12 есебімен жеңіп, турнирді бесінші орынмен аяқтады.
Қазақстан ерлер құрамасы топтық кезеңде Шри-Ланка, Қытай және Оңтүстік Кореядан жеңіліп, 9–12-орындар үшін таласты. Қазақстандықтар Үндістанды 28:19 есебімен жеңіп, Сингапурдан 7:17 есебімен жеңілді. Соңғы кездесуде Өзбекстанды 17:14 есебімен ұтқанымен, қорытынды есепте оныншы орынға тұрақтады.
Айта кетейік, әйелдер арасында Жапония, ал ерлер арасында Гонконг құрамасы Азия сериясының алғашқы кезеңінде жеңімпаз атанды.



