Әмір Маймұратов Азия Олимпиадалық кеңесінің Спортшылар комиссиясына үміткер атанды

Азия Олимпиадалық кеңесі 2026 жылғы Аичи-Нагоя Азия ойындары аясында Спортшылар комиссиясының жаңа мүшелерін сайлауға қатысатын үміткерлер тізімін бекітті.
Орталық Азиядан комиссиядағы бір орынға Қазақстан өкілі, спорттық құзға өрмелеуші Әмір Маймұратов, Иран спортшысы Ариан Салими және Өзбекстан өкілі Джасурбек Жайсынов үміткер болып отыр.
Әмір Маймұратов 2024 жылғы Париж Олимпиадасында «жылдамдық» дисциплинасы бойынша бесінші орын алған. Сондай-ақ қазақстандық спортшының қоржынында Әлем кубогы кезеңдері мен Азия чемпионатынан жүлделері бар.
Спортшылар комиссиясына барлығы төрт жаңа мүше сайланады. Олардың үшеуі Орталық, Шығыс және Батыс Азиядан, ал біреуі Оңтүстік-Шығыс Азиядан әйел спортшы болады.
Дауыс беру 20 қыркүйек пен 2 қазан аралығында 2026 жылғы Азия ойындары кезінде өтеді. Әр қатысушы өз өңірінен ұсынылған кандидаттардың біріне дауыс бере алады.
Спортшылар комиссиясы атлеттердің мүддесін Азия Олимпиадалық кеңесі деңгейінде қорғап, олардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуына мүмкіндік береді. Комиссия мүшелері жарыстарды ұйымдастыру, допингке қарсы саясат, медициналық қызмет және логистика мәселелері бойынша спортшылардың пікірін білдіреді.



