Қазақстан ауыр атлетикадан Азия чемпионатын жеті алтын медальмен аяқтады

Өзбекстанның Ташкент қаласында жас жеткіншектер мен жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты аяқталды.
Құрлық біріншілігінде Қазақстан құрамасы жеті алтын, екі күміс және бес қола медаль жеңіп алды.
Жас жеткіншектер арасында Снежана Кашкарова (57 келіге дейін), Ксения Прозорова (61 келіге дейін), Бейбарыс Ерсейіт (65 келіге дейін) және Нұржан Жұмабай (95 келіге дейін) чемпион атанды.
Төрехан Асанхан (70 келіге дейін) күміс медаль иеленсе, Нұрсила Берікбол (57 келіге дейін) және Софья Шешукова (77 келіден жоғары) қола жүлдеге ие болды.
Жасөспірімдер арасында Снежана Кашкарова (57 келіге дейін), Аянат Жұмағали (77 келіге дейін) және Ақжол Құрманбек (85 келіге дейін) алтын медаль жеңіп алды.
Софья Шешукова (86 келіден жоғары) күміс жүлдегер атанды. Ал Бейбарыс Ерсейіт (65 келіге дейін), Ерасыл Сәулебеков (85 келіге дейін) және Әлихан Әскербай (95 келіге дейін) қола медаль еншіледі.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатындағы өнерін 14 медальмен аяқтады.



