Әлемдік Dota 2 командалары «Болашақ ойындары – 2026» турниріне қатысу үшін Астанаға келді

Астана халықаралық әуежайы «Болашақ ойындары – 2026» (GOTF 2026) халықаралық мультиспорт турниріне қатысушыларды қарсы алуды жалғастыруда. Бұл жолы елордаға әлемдік Dota 2 сахнасының көшбасшы командалары – Xtreme Gaming пен Vici Gaming келді.
Екі ұжым да халықаралық деңгейдегі ең беделді турнирлерде жоғары нәтижелерімен танылған. Xtreme Gaming Астанаға «Болашақ ойындарының» қазіргі чемпионы ретінде келсе, команда сапында Ame, NothingToSay, Xxs, fy және xNova сынды танымал киберспортшылар өнер көрсетеді. Сонымен қатар ұжым The International 2026 турниріне тікелей жолдама алған.
Ал Vici Gaming Dota 2 тарихындағы ең атақты клубтардың бірі саналады. Команда бірнеше мәрте ірі халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, The International турнирінің финалына дейін жеткен.
Бұдан бөлек, елордаға Team Resilience мен Zero Tenacity командалары да келді. Олар MOBA PC Dota 2 жарысында чемпиондық атақ үшін таласады. Қазақстан намысын бұл дисциплинада Rune Eaters командасы қорғайды. Оның құрамында Даниял Әлібай, Әбдімәлік Сайлау, Әлім Беспаев, Айбек Тоқаев және Никита Остахов өнер көрсетеді.
Сондай-ақ Қазақстан атынан Battle Royale – PUBG: BATTLEGROUNDS жарысына DIGA Esports командасы қатысады. Dota 2 турнирінде 16 команда 1 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қорын сарапқа салады. Жарыстар 2–5 тамыз аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.
Ал PUBG: BATTLEGROUNDS бәсекелері 31 шілде мен 2 тамыз аралығында Beeline Arena Ұлттық теннис орталығында ұйымдастырылады. Жалпы «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирі 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтіп, оған әлемнің 50-ден астам елінен 800-ден астам спортшы қатысады.



