ХОК Қазақстан ҰОК тәжірибесін әлемдегі үздік үлгілердің қатарына енгізді

Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Олимпиада және жасөспірімдер Олимпиада ойындарына ұлттық құрамаларды даярлау тәжірибесін әлемдегі үздік тәжірибелердің (Best Practice) қатарына қосты.
ХОК жоғары бағалаған бастамалардың бірі – Қазақстан ҰОК әзірлеген Athlete and Team Official Agreements (ATOA) келісімдер жүйесі. Бұл құжаттар Халықаралық Олимпиада комитеті бекітетін қатысу шарттарын толықтырып, ұлттық заңнама талаптарына бейімделген. Сонымен қатар ұйымдастырушылық және құқықтық мәселелерді жан-жақты қамтиды.
Қазақстандық жүйенің басты ерекшелігі – Олимпиада делегациясының әр санатына арналған жеке келісімдердің әзірленуі. Спортшылар, жаттықтырушылар мен медицина қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және өзге де ресми тұлғалар үшін бөлек құжаттар дайындалған. Онда мінез-құлық ережелері, ХОК талаптарын сақтау, қаржылық міндеттемелер, әлеуметтік желілерді пайдалану тәртібі, ресми спорттық киімге қатысты талаптар және құқықтық дауларды шешу тетіктері нақты көрсетілген.
ХОК сарапшылары келісімдерді әзірлеу барысында қолданылған кешенді тәсілді де ерекше атап өтті. Құжаттар Олимпиада ойындарында ұлттық делегацияны басқарған Chef de Mission жетекшілерінің тәжірибесіне сүйене отырып дайындалған. Сондай-ақ бұл жұмысқа Қазақстан ҰОК-нің спорт, халықаралық байланыстар, медиа, маркетинг және құқықтық қамтамасыз ету салаларының мамандары қатысқан.
Халықаралық Олимпиада комитетінің бағалауынша, Қазақстан ҰОК тәжірибесі халықаралық стандарттар мен Олимпиадалық хартия қағидаларын ұлттық деңгейде тиімді іске асырудың табысты үлгісі саналады. Осыған байланысты ХОК қазақстандық келісімдер жүйесін өзге ұлттық олимпиадалық комитеттерге де ұсынып, оны әлемдегі үздік ұйымдастыру тәжірибелерінің бірі ретінде таныды.



