ҚФФ матч-менеджерлер мен қауіпсіздік қызметкерлеріне арналған семинар өткізді

Қазақстан футбол федерациясы кәсіби футбол клубтарының матч-менеджерлері мен қауіпсіздік қызметкерлеріне арналған онлайн семинар ұйымдастырды. Іс-шара матчтарды ұйымдастыру сапасын арттыру мен қауіпсіздік талаптарын жетілдіруге арналды.
Семинарға ҚФФ Бас хатшысы Скотт Манн жетекшілік етті. Ол соңғы уақытта Қазақстан Премьер-лигасының бірнеше матчын арнайы барып тамашалап, ойындарды ұйымдастыру деңгейіне оң бағасын берді.
Скотт Манн жуырда Шымкентте өткен «Ордабасы» – «Елімай» кездесуіне, сондай-ақ Семейдегі УЕФА Конференциялар лигасы аясындағы «Елімай» – «Алашкерт» матчына қатысты. Бұдан бөлек, ол «Жеңіс» – «Ұлытау» және «Астана» – «Ақтөбе» кездесулерінің ұйымдастырылу барысымен де танысты.
Сапарлар барысында стадиондардың дайындығы, инфрақұрылым және матчтарды өткізу деңгейі бағаланды. Сонымен қатар ҚФФ Бас хатшысы клуб басшыларымен және жауапты мамандармен кездесіп, жарыстарды ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Семинар аясында қатысушыларға матчтарды ұйымдастырудың қазіргі талаптары, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өзге де маңызды бағыттар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Клуб өкілдері ҚФФ-ның Кәсіби клубтар арасындағы жарыстарды өткізу дирекциясы, Жарыстар қауіпсіздігі қызметі және Интегрити бөлімінің мамандарымен пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.
Қазақстан футбол федерациясы мұндай семинарларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Бұл бастама кәсіби футболдағы матчтарды ұйымдастыру деңгейін көтеруге және көрермендер үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.



