Қазақстандық шорт-трекшілер мен мәнерлеп сырғанаушылар халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысады

Қазақстандық спортшылар мен бапкерлер Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) мен Халықаралық конькишілер одағы (ISU) ұйымдастыратын шорт-трек және мәнерлеп сырғанау бойынша халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысады.
Жаттығулар Қытайдың Харбин қаласында өтеді. Жоба Азиядағы қысқы спорт түрлерін дамыту және жас спортшыларды қолдау бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Оқу-жаттығу жиындары 2028 жылы Италияда өтетін қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы, 2029 жылғы Алматыдағы қысқы Азия ойындары және 2030 жылы Франция Альпілерінде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі саналады.
Шорт-трек бойынша оқу-жаттығу жиыны 19–27 шілде аралығында өтеді. Қазақстан құрамасы атынан бапкер Ғалым Хасанов, сондай-ақ спортшылар Ян Кутовой мен Бекнұр Уразбеков қатысады.
Ал 27 шілде мен 4 тамыз аралығында мәнерлеп сырғанаудан оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылады. Бұл жиында Қазақстан намысын бапкер Александра Брежнева, сондай-ақ спортшылар Карина Шеина мен Аделя Тулешова қорғайды.
Жаттығу барысында қатысушылар ISU мамандарының жетекшілігімен техникалық шеберліктерін жетілдіріп, халықаралық деңгейдегі дайындық бағдарламасынан өтеді.
Айта кетейік, оқу-жаттығу жиындарына қатысатын спортшылар мен бапкерлердің кандидатураларын ұлттық спорт федерациялары ұсынып, олар Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті арқылы ұйымдастырушыларға ресми түрде жолданды.



