БАСҚАЛАРЫ

Қазақстан ҰОК халықаралық гимнастика ұйымдарының басшыларымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин World Gymnastics президенті Моринари Ватанабэмен және Asian Gymnastics Union президенті Абдулрахман бен Саад Әл-Шатримен кездесті. Басқосуға Қазақстан ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев пен Қазақстан гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова да қатысты.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан құрамасының алдағы ірі халықаралық жарыстарға дайындығын және халықаралық спорт ұйымдарымен өзара ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Әңгіме барысында Аичи–Нагоядағы жазғы Азия ойындарына, Дакарда өтетін жасөспірімдер Олимпиадасына және 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына дайындыққа ерекше назар аударылды. Сонымен қатар әлемдік гимнастиканың қазіргі даму үрдістері мен болашақтағы бірлескен жобалар сөз болды.

Геннадий Головкин халықаралық ұйымдар басшыларының Қазақстанға сапары екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсететінін атап өтті.

«Гимнастика Олимпиада бағдарламасындағы ең көп медаль сарапқа салынатын спорт түрлерінің бірі. Сондықтан халықаралық ұйымдармен байланысты нығайту біз үшін маңызды. Сонымен бірге қазақстандық төрешілердің біліктілігін халықаралық деңгейге көтеру қажет. Бұл олардың әлемдік жарыстарда жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, еліміздегі төрешілік мектептің дамуына және спортшылардың әлеуетін толық ашуына ықпал етеді», – деді Қазақстан ҰОК президенті.

Қазақстан гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова халықаралық тәжірибені енгізу мен кәсіби білім алмасу гимнастиканы дамытудағы басты бағыттардың бірі екенін айтты.

Оның сөзінше, федерация олимпиадалық гимнастиканың барлық бағыттарын жүйелі түрде дамытып келеді. Бұл жұмыс спортшыларды даярлауды, жаттықтырушылардың кәсіби деңгейін арттыруды, төрешілерді оқытуды, жарыстар өткізуді және өңірлердегі жұмысты қамтиды.

Кездесу барысында World Gymnastics пен Asian Gymnastics Union басшылары Қазақстан гимнастика федерациясының жұмысына жоғары баға беріп, еліміздегі гимнастика спортының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ тараптар Қазақстанның заманауи спорт инфрақұрылымы мен халықаралық жарыстар өткізу тәжірибесіне тоқталды. Asian Gymnastics Union президенті Абдулрахман бен Саад Әл-Шатри Қазақстанның Азия чемпионатын қабылдауға толық мүмкіндігі бар екенін айтты.

Сонымен қатар Моринари Ватанабэ мен Абдулрахман бен Саад Әл-Шатри қазақстандық тарапты 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын өткізу құқығына ие болуымен құттықтап, бұл шешім халықаралық спорт қауымдастығының Қазақстанға деген сенімінің көрінісі екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысында тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button