БАСҚАЛАРЫ

Қазақстан мергендері Италиядағы Әлем кубогында жүлде үшін таласады

3 шілдеде Италияның Лонато-дель-Гарда қаласында стенд атудан Әлем кубогының кезекті кезеңі басталады. Әлемнің ең мықты мергендері бас қосатын жарыста Қазақстан құрамасы да жүлделер үшін сынға түседі.

Биылғы турнир қатысушылар саны бойынша рекорд жаңартпақ. Халықаралық ату спорты федерациясының мәліметінше, Италиядағы додаға 80 елден 600 спортшы қатысады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 74 мемлекеттен 550 мерген болған еді. Осылайша, Лонато-дель-Гарда тағы бір мәрте әлемдік стенд атудың басты орталықтарының біріне айналып отыр.

Жарыс «трап» және «скит» бағдарламалары бойынша өтеді. Медальдар үшін Олимпиада чемпиондары, әлем біріншіліктерінің жеңімпаздары және жас таланттар бақ сынайды.

Қазақстан атынан турнирге 20 спортшы қатысады. Құрама сапында Әсем Орынбай, Элеонора Ибрагимова, Даниил Почивалов, Марк Почивалов, Әлішер Айсалбаев, Айжан Досмағамбетова, Лидия Башарова, Ольга Хайлова, Богдан Конченко, Александр Мухамедиев, Илья Пеньков, Зоя Пискун, Артемий Плиско, Анастасия Прилепина, Адель Садақбаева, Наргиза Сарманова, Артём Седельников, Лейла Шантекова, Данил Стрельцов және Ратмир Еникеев өнер көрсетеді.

Қазақстан құрамасы бұл маусымда халықаралық жарыстарда табысты нәтиже көрсетіп келеді. Соның ішінде Алматыда өткен Әлем кубогы кезеңінде Әсем Орынбай әйелдер арасындағы «скит» бағдарламасында алтын медаль жеңіп алып, финалда 33 ұпай жинады. Осы нәтижемен ол бұған дейін қазақстандық Адель Садақбаева орнатқан әлемдік рекордты қайталады.

Алдағы жарыста бәсеке өте жоғары болмақ. Турнир қожайыны Италия құрамасы бірнеше Олимпиада чемпиондарын жарысқа қосады. Олардың қатарында Диана Бакози, Джессика Росси және Габриэле Россетти бар.

Сондай-ақ жүлделер үшін Чили өкілі Франсиска Кроветто, чехиялық Давид Костелецкий мен Иржи Липтак, аустралиялық Кэтрин Скиннер, Ұлыбритания спортшысы Натан Хейлс және Гватемала өкілі Адриана Руано сияқты Олимпиада чемпиондары бақ сынайды.

Қатысушылар құрамының мықтылығына қарамастан, Қазақстан құрамасының да жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндігі бар. Соңғы халықаралық жарыстардағы тұрақты көрсеткіштер ұлттық құраманың жеке және командалық сайыстарда жүлделер үшін таласа алатынын аңғартады.

Айта кетейік, Лонато-дель-Гардадағы Әлем кубогының кезеңі 13 шілдеге дейін жалғасады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button