Қазақстандық үстел теннисшілері АҚШ-тағы United States Smash турниріндегі өнерін аяқтады

АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтіп жатқан беделді United States Smash халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасының екі өкілі – Кирилл Герасименко мен Зәуреш Ақашева өнер көрсетті.
Ерлер арасындағы негізгі жарысты бірден бастаған Кирилл Герасименко алғашқы айналымда Жапония өкілі Сора Мацусимамен кездесті. Қазақстандық теннисші тартысты матчта 0:3 есебімен жеңіліп, турнирмен қоштасты.
Ал Зәуреш Ақашева жарысты іріктеу кезеңінен бастады. Ол алғашқы екі кездесуінде швециялық Кристина Калльберг пен үндістандық Диа Читалені 3:2 есебімен жеңіп, келесі айналымға өтті. Алайда шешуші іріктеу матчында Сингапур спортшысы Тан Чжао Юнға 1:3 есебімен жол беріп, негізгі кезеңге шыға алмады.
Айта кетейік, United States Smash турнирі әлемнің жетекші үстел теннисшілері қатысатын беделді халықаралық жарыстардың бірі саналады.



