Алматы облысында конкурдан чемпионаттың жеңімпаздары анықталды

Алматы облысында ат спортының олимпиадалық түрі – конкурдан облыс чемпионаты мәресіне жетті. Бір күнге созылған жарыста еліміздің әр өңірінен келген шабандоздар бірнеше санат бойынша бақ сынап, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
100 сантиметрлік кедергілер бағытында әуесқойлар арасында Тельман Томирис «Голд» тұлпарымен үздік нәтиже көрсетіп, чемпион атанды. Күміс жүлде Александр Кузевуановқа («Бон Шеваль»), ал қола Элина Герасименкоға («Валдай») бұйырды.
12–17 жас аралығындағы спортшылар арасындағы 110 сантиметрлік бағдарламада Яна Жемчужина («Бавария») жеңіске жетті. Екінші орынды Алина Бигалиева («Hi Diarado»), үшінші орынды Ансар Жұмабеков («Astra») иеленді.
130 сантиметрлік бағыттағы басты бәсекеде Нурилла Турисбекова «Кьюбель» тұлпарымен жеңімпаз атанды. Қайта секіру кезеңінде де мінсіз өнер көрсеткен спортшы алтын медальді еншіледі. Яна Жемчужина («Бавария») күміс жүлдеге ие болса, Ксения Баталова («Леди Ди») үздік үштікті түйіндеді.
5–6 жастағы жас жылқылар арасындағы 120 сантиметрлік бағдарламада Бекжан Байжанұлы «Conquistador» тұлпарымен бірінші орын алды. Күміс жүлде Шыңғыс Маликаждарға («Караэль») бұйырды.
Көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырған Six Bar Jump-off сайысында Нурилла Турисбекова тағы бір мәрте үздік атанып, 170 сантиметр биіктікті бағындырды. Екінші орынды 160 сантиметр нәтижесімен Аян Ғани («Froschkonig K») иеленсе, үшінші орынды 140 сантиметр көрсеткішімен Бекжан Байжанұлы («First of All») мен Шыңғыс Маликаждар («Манфрет Эвонс») өзара бөлісті.
Чемпионат спортшылардың жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, конкур спортының Алматы облысында қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.



