ФУТБОЛ

Артем Кучин Қазақстандағы УЕФА Төрелік конвенциясының үйлестірушісі атанды

Қазақстандық маман Артем Кучин Қазақстандағы УЕФА Төрелік конвенциясының үйлестірушісі қызметіне тағайындалды.

Жаңа лауазымда ол УЕФА-мен өзара іс-қимылды үйлестіріп, төрелік жүйесін ұйымдастыру мен дамытуға қатысты халықаралық талаптар мен стандарттардың орындалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ оның міндетіне қажетті ақпараттың уақытылы ұсынылуын бақылау және Қазақстандағы УЕФА Төрелік конвенциясы талаптарының сақталуын қадағалау кіреді.

Артем Кучин қазіргі уақытта Қазақстан футбол федерациясының төрелік ету жөніндегі үйлестірушісі қызметін де атқарады.

Тәжірибелі төреші 2008 жылдан 2025 жылға дейін Қазақстан Премьер-лигасының матчтарына төрелік етті. Осы уақыт ішінде ол 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойындарында, УЕФА Еуропа лигасы мен Конференция лигасының кездесулерінде, Қазақстан Кубогы мен Суперкубогының финалдарында, U-17 және U-19 жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионаттарының финалдық кезеңдерінде, сондай-ақ УЕФА Өңірлер кубогының финалында қызмет атқарды.

Артем Кучин Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі матчқа төрелік еткен алғашқы қазақстандық арбитр ретінде де тарихқа енді. Бұл жетістік Қазақстан төрешілік мектебінің халықаралық деңгейде мойындалуының маңызды кезеңдерінің бірі саналады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button